Бөлекбай Сағынғалиев – Мұнай мұнарасын көтерген тұлға // Мұнай мен газ саласындағы стратегиялық серіктестіктерді дамыту кеңесі «Petrocouncil.kz». – 18 маусым, 2024. – Кіру режимі: https://petrocouncil.kz, ашық.
Қарашүңгіл, Доссор, Мақат, Байшонас, Ескене, Прорва, Теңіз… Осы және басқа да атаулар Атырау өлкесінің қазба байлығын игеру тарихынан хабардар жанға жақсы таныс. Әр жылдары, тіпті жүзжылдықта ашылған Каспий маңының кен орындары бір кездері тек елімізді ғана емес, бүкіл әлемді дүр сілкіндірген болатын.
Олардың ашқан жаңалығы тынымсыз ізденістердің, түрлі сынақтар мен қателіктердің, қызу пікірталастар мен түңілген сәттердің нәтижесінде, қаншама қажыр-қайрат жұмсалып, жеңіс қуанышы орын алған мұнай тарихындағы ең қызықты да тағылымды парақтар еді!
Биыл Қазақстанның ең алғашқы әрі ауқымды инвестициялық жобасы – Теңіз кенішінің ашылғанына 45 жыл толып отыр. Осы өндіріс ашылған соң еліміз әлемдік аренада ойып тұрып орын алып, жер шарындағы ең ірі 20 мұнай-газ өндіретін елдер қатарына енді.
Ал, тәуелсіз Қазақстанның жетістікке жетуіне күш салып, мұнай өндірісінің іргестасын қалаған ізашарлардың есімін бәрі бірдей біле бермейді.
Бұл естелік солардың бірі, Теңіз кенішін алғаш ашқан жерлесіміз – орден иегері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, аты аңызға айналған, елге еңбегі сіңген мұнайшылардың бірі Бөлекбай Сағынғалиұлы Сағынғалиевқа (1927 – 2009) арналады.
Бөлекбай Сағынғалиев сол кездегі Гурьев облысының Доссор кентінде дүниеге келген. Жан-жағы бұрғылау мұнараларымен қоршалған мұнайшылар ауылында өскен ол бала кезінен мұнай өндіру кәсібімен жақсы таныс.
1951 жылы Мәскеу мұнай институтынан білім алып, дипломын алған ол тоғыз жыл ішінде еңбек жолын «Қазақстанмұнай» бірлестігінің мұнай-газ өндіру бөлімінде шебердің көмекшісі болудан бастап, бөлім бастығына дейін көтерілді.
Кейіннен Бөлекбай Сағынғалиұлы Қазақ КСР Халық шаруашылығы кеңесінің мұнай-газ өнеркәсібі бөлімінің бастығы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ауыр өнеркәсіп бөлімі меңгерушісінің орынбасары, «Қазақстанмұнай» бірлестігі бастығының орынбасары (1969 ж.) секілді жауапты лауазымды қызметтерді де атқарды.
Бірақ өмірінің ең жарқын әрі қиын кезеңі 1971-1986 жылдар аралығында өзі басқарған «Ембімұнай» өндірістік бірлестігімен (қазіргі «Ембімұнайгаз» АҚ) байланысты болса керек. Сонымен қатар, Солтүстік Каспий маңындағы кен орындарының ашылуы және ірі құрылымдарда мұнай өндірісінің басталуының негізгі кезеңдері де оның есімімен байланысты.
Мұнайға апарар жол
Айта кету керек, ұзақ уақыт бойына Каспий маңы ойпатының мұнай-газ кендері шөгінді жамылғысының жоғарғы бөлігінде, тұзүсті кешені деп аталатын жерде бар делініп келді. Ол жерде ұңғымалардың тереңдігі 3000 метрден аспады. Ал Ұлы Отан соғысына дейін кейбір ғалымдар мұнайдың көп бөлігі өте тереңде, тұзасты шөгінділерінде жасырынып жатыр деп болжам жасаған-ды. Бірақ ол кезде бұрғылау техникасының қуаты мен мүмкіндігі жетпегендіктен, бұл болжамды тексеру мүмкін болмады, сондықтан жер қыртысының төменгі қабаттары 60-жылдардың соңына дейін өте нашар зерттелді.
Тереңдігі 4000 метрден асатын ұңғымаларды бұрғылауға кіріскенде ғана бұл қабаттар игеріле бастады. Мысалы, осындай, КСРО-дағы алғашқы ұңғымалардың бірі – Биікжал ұңғымасын (тереңдігі 6700 метр) 1962 жылы (Теңіз кенішінен көп бұрын) Каспий маңын барлаушы геологтар бұрғылап бастаған.
Сол арада 1971 жылы 16 тамызда КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігі ескі мұнайлы аудандардағы өндірісті дамытуға бағытталған, сондай-ақ Жайық-Ембіде жаңа кен орындарын ашу келешегін ескере отырып, «Ембімұнай» бірлестігінде геофизикалық, барлау және құрылыс жұмыстарын күшейту туралы» маңызды әрі тағдыршешті №437 бұйрыққа қол қойды.
Осы бұйрықты орындау мақсатында «Ембімұнай» директоры Бөлекбай Сағынғалиев Мұнай өнеркәсібі министрлігінен «Нижневолжскнефть» өндірістік бірлестігінің Волгоград бұрғылау жұмыстары басқармасының (БЖБ) ауқымды экспедициясын Ембіге тұз шөгінділерін барлауға жіберуге қол жеткізеді.
Ембіліктерден айырмашылығы – олардың өте терең ұңғымаларды (6000 метрге дейін) бұрғылау, оның ішінде шетелде бұрғылау тәжірибелері бар-тұғын.
Каспий маңы ойпатының оңтүстік-шығыс бортындағы іздестіру-барлау жұмыстары барысында 1973-74 жылдары Тәжіғали (волгоградтықтар бұрғылаған) және Пустынная (Балықшы барлау бұрғылау басқармасы) құрылымдарындағы тұзасты шөгінділерінен мұнай мен газ қорының алғашқы белгілері байқалды, бұл кейіннен бүкіл әлемге Теңіз деп танылған кен орнын «зерттеуге» түрткі болды.
1976 жылдың 26 маусымында волгоградтықтар жобалық тереңдігі 5500 метр болатын Теңіз тұзасты қабатының күмбезінде алғашқы ұңғыманы бұрғылауға кірісті. №1 ұңғыманы бұрғылау туралы тиісті актіге «Ембімұнай» ӨБ бас геологы Жолдасқали Ахметұлы Досмұхамбетов қол қойды. Үш жылдан кейін, 1979 жылы Волгоград бұрғылау бригадасы тұзасты шөгіндісін ашып, 19 желтоқсанда «Ембімұнай» кәсіпорнының арнайы тобы бригадамен бірге ұңғыманы 10 минут ішінде сынақтан өткізді. Бұл күн Теңіз кенішінің ашылған күні болып тарихқа жазылды.
«Уақыт – ең жақсы сыншы»
«Осы 10 минуттық сынақ негізінде Сағынғалиев КСРО министрлер кеңесін басқарған Алексей Косыгиннің қабылдауында болып, баяндама жасады. Бұл жиналысқа бүкіл Одақ бойынша перспективалы өңірлерден келген мұнай өндіру бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Жиналысқа қатысушылардың бірі, Орталық партия комитетінің хатшысы Вениамин Дымшиц кейін «бүкіл баяндамашылардың ішінде Қазақстаннан келген бас директордың айтқандары ерекше назар аударуға тұрарлық» деп баға берген. Соның нәтижесінде тағы бір тағдырлы шешім – КОКП Орталық Комитеті мен Министрлер Кеңесінің 1981 жылғы 4 маусымдағы «Батыс Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстарын күшейту және мұнай-газ өнеркәсібін дамыту шаралары туралы» №522 қаулысы қабылданды. Бұл Бөлекбай Сағынғалиұлының еңбегі екені даусыз!» – дейді ардагер мұнайшы, жоғары мемлекеттік «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Мақсот Қилыбаев.
Осыдан кейін КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігі Теңізге «Нижневолжскнефть» ӨБ-нің Жирновский және Арчединский барлау басқармаларының қосымша экспедициясын жіберді. Ал «Ембімұнай» атынан Балықшы барлау бұрғылау басқармасы бұрғылау жұмыстарымен айналысты.
«Егер Бөлекбайдың ынтасы болмағанда аталмыш кеніштің пайдасын анағұрлым кешірек көретін едік. Себебі, ол кезде тұз астына бұрғы жіберу батылдық қана емес, батырлық еді – күшті қысымды бұғалықтайтын, болатты балқытатын, ыссылыққа шыдайтын, күкіртке төзімді құрал-сайман болмайтын. Қиын да қатерлі жұмысқа даярланған жұмысшылар да болмаған-ды, – деп кейіннен еске алды 70-80 жылдары Гурьев, одан кейін Маңғышлақ облыстарын басқарған мұнайшы Саламат Мұқашев. – Бәрі ойдағыдай бола қоймады. Алғашқы жылдардағы сәтсіздіктің салдарынан «жоғарыдан» қысым, «төменнен» сын көбейді. Сондай-ақ «Бөлекбай табысқа жете алмайды. Ірі өндіріс басшысы болғандықтан, өзін көрсеткісі келетін шығар» деп ашық айтқандар да болды.
Бірақ сонда да, екі оттың ортасында жүрсе де ол эмоцияға берілмеді, дымын білдірмеді. Бір күні одан «Бәрін тастап, қолды бір сілтегің келе ме?» деп сұрадым. Ол: «Тұздың астында біз іздеген нәрсе бар екеніне сенемін. Егер қазір жарты жолдан тоқтасақ, бұл жерге ешкім қайтып келмейді. Уақыт – ең жақсы сыншы, болашақта жетістікке жетеміз» деді.
Дегенмен, ең алғашқы №1 ұңғыманы уақытша жабуға тура келді. Бұл мәжбүрлі қадам еді, өйткені мұнай табылған тереңдіктегі жер қабатының қысымы өте жоғары (600-800 атмосфераға дейін) болды, сонымен қатар құрамында күкірті көп (25% дейін) ілеспе газ да көп кедергі келтірді. Ал бұл ұңғымада арнайы жабдықты қолданып, қосымша сынақтар жүргізуді қажет етті. Ол кезде КСРО аумағында қажетті құрал-саймандар шығарылмайтын. Кейін қажетті техниканы министрлік Канададан сатып алып, №1 ұңғыма 1981 жылдың шілде-тамыз айларында толыққанды сынақтан өткізілді. Міне, сол кезде әлемде теңдессіз мұнай кен орнының ашылғаны белгілі болды.
Геолог ғалымдардың тұзасты шөгінділерінің терең қабатында мұнай қоры болуы мүмкін деген болжамдары расталып, бұл ауқымды іздеу-барлау, бұрғылау жұмыстарын кеңейтуге серпін берді.
«Сіз нағыз патриотсыз!»
Бөлекбай Сағынғалиевтың Теңіз кенішінің ашылуына сіңірген өлшеусіз үлесі мен еңбегі туралы айтқанда, оның басшы әрі ұйымдастырушы ретіндегі талантын атап өтпеске болмайды. Өйткені, Теңіз кенішінен бөлек Жайық-Ембінің кең байтақ аумағын игеруге байланысты басқа да шаруалар жеткілікті еді.
Оның тұсында 1971 жылы Прорва бұрғылау кеңсесінде әйгілі БУРБ деп аталып кеткен Балықшы барлау-бұрғылау басқармасы құрылды, жаңа «Ембімұнайгеофизика» және «Ембімұнайқұрылыс» трестері пайда болды, технологиялық көлік басқармасы, өндірістік-техникалық жабдықтау басқармалары және қосалқы бөлімшелер жұмысын бастады. Осылайша, бүкіл Кеңес одағында «тоқырау» кезеңі болып тұрғанда, аталған бірлестіктің жұлдызы жанды, мұнай өндіру көлемі ең жоғарғы көрсеткіштерге жетіп (1970 жылғы 2,7 млн тоннадан 1980 жылы 4,5 млн тоннаға дейін көтерілді), сондай-ақ пайдалану және барлау-бұрғылау жұмыстары жанданды.
Оның дүниетанымы айналасындағылардың көзқарасынан мүлде бөлек еді. Көпшілігіне оның мәселелердің шешімін табу тәсілдерін түсіну қиынға соқты. Сонымен бірге, алға қойған мақсатына жету жолында өзін де, өзгені де аямай, аз уақыттың ішінде Оңтүстік Ембі өңірінің бүкіл аумағында іздеу-барлау жұмыстарын ұйымдастыруға қол жеткізді.
Оның тұсында он бестен астам жаңа кен орындары дәлелденіп, ашылып, игерілді (Досмұхамбетов, Ровное, Орталық Прорва, Айранкөл, Шығыс Көкарна, Батыс Прорва, Ботахан, Масабай, Ақінген, т.б.), жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы айтарлықтай жақсарып, облыс орталығы мен мұнайлы елді мекендерде мыңдаған шаршы метр тұрғын үйлер салынды. Одан басқа, қала маңындағы Жайық жағасында Бұрғышылар поселкесі (қазіргі Ақжар ауылы) бой көтерді.
«Оның еңбекқорлығына тәнті едік. Күні-түні бізбен бірге құрылыс алаңында жүретін. Жобалаушылармен, мердігерлермен, жеткізушілермен жиналыстар түн ортасы болса да өте беретін, ал ертемен ол кісі қайтадан ұңғыма маңынан табылатын. Уақыт тығыз еді, климат жағдайы қолайсыз, тұрмыстық жағдай жасалмаған, оның үстіне жаңадан енгізілген техникалық шешімдер көп проблема туғызды. Әрине, оңай болмады, бірақ қойылған тапсырма орындалуы тиіс. Біз, оның көмекшілері жас едік, сонда да шаршап, кейде зауқымыз болмайтын. Бірақ Бөлекбай Сағынғалиұлы еш мойымады, жасымады, талабын тауыспады, сергек жүретін. Бөкең басшы қандай болу керек екенін сол кезде бәрімізге көрсетіп кеткен екен ғой, оны ақыл тоқтатқан соң түсіндік.
Бөлекбай Сағынғалиұлының кәсіби және адами қасиеттерін сипаттайтын көптеген мысалдар келтіруге болады, бірақ менің ойымша, бұрынғы халық комиссары, КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы Николай Константинович Байбаков 1985 жылғы жаз басталғанда Теңізге келген сапарынан кейін оған қысқа да нұсқа мінездеме берді. Жиналысты аяқтай келе, ол: «Сіз нағыз патриотсыз, өз ісіне берілген жансыз. Өз халқын, жерін сүйетін, оның байлығын мақтан ететін адам сіздей болсын!» деген еді, – деп жазады ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Теңіз кен орнын ашушылардың бірі Болат Еламанов («Казахстанская правда», 1997 ж.).
Еңбегі және марапаттары
«Бөлекбай Сағынғалиұлының негізгі қасиеті оның алға қойған мақсатына беріктігі болғанын әріптестері үнемі еске алатын. Бөкеңнің аса жоғары шенді басшылардың алдында өз ұстанымын нық қорғаған кездері болды, ал бағыныштыларға басшысымен айтысу оңай емес! Кейде пікірталас қызып, шектен шығып кететін, бірақ соңында жоғары дәрежелі оппонент Бөкеңмен келісе кететін.
Мұндай жағдайларда адам қатты мінезді ғана емес, қайсар болуы да керек, өйткені мұндай сәттер мансабы мен жеке басына қауіпті еді, – дейді ардагер мұнайшы, «Құрмет» орденінің иегері Төлеген Байзақов (1985-1987 жж. Балықшы БББ бастығы). – Ол өткізетін көшпелі өндірістік жиналыстар ерекше есімде. Бөкең кәсіпшілік немесе бұрғылау қондырғылары аясында өмірінің арманы – тұзасты мұнайы жөнінде құшырлана айтатыны соншалық, айналасындағылар оны аузын аша тыңдап, өлкеміздің қалай өзгеретінін елестететін. Өндірістегі қызметім басталғанда оның Каспий өңірінің болашағы туралы баяндамаларын тыңдау мүмкіндігіне ие болғаным үшін тағдырға ризамын. Өйткені, оның айтқаны дұрыс болып шықты!».
…Бөлекбай Сағынғалиұлы Сағынғалиев осыдан 15 жыл бұрын, 2009 жылы дүниеден өтті. Оның мұнай өнеркәсібіне қосқан орасан зор үлесі құрметті атақтармен және наградалармен марапатталған. Ол тұрған және қызмет еткен ғимараттарда оның құрметіне ескерткіш тақталар орнатылды. Былтыр Теңіздегі ТШО компаниясының игеру бөлімінің жаңа кеңсесіне оның есімі берілді. Бірақ «Ембімұнай» бірлестігінің ардагер мұнайшылары мен «Бұрғышы-72» қоғамдық қорының бұрғышылары Сағынғалиевтың бұдан да жоғары марапатқа лайық екеніне сенімді.
Ардагер мұнайшы, «Құрмет» орденінің иегері Ардақ Қонысқалиевтың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған бағыт-бағдары барлық салада оң өзгерістер туғызып, үміт ұялатады және халықтың сенімін арттырады.
«Осылайша, кезінде қазақ халқының даңқты перзенттері Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шахановтың еңбегі лайықты бағаланбаған еді. Алайда Президент 2022 жылы оларға «Еңбек ері» атағын берді. Сол кезде тағы бір көрнекті тұлға – саяси қайраткер, генерал Қайырбек Сүлейменов те «Халық Қаһарманы» белгісін өңіріне тақты. Осы ретте «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шығады» дегендей, елі үшін еңбек майданының алғы шебінде янбай тер төккен, халқының арда ұлы Бөлекбай Сағынғалиев ең жоғары үкімет наградасы – «Халық қаһарманына» лайық деп санаймын, – дейді ол.
«Бөлекбай Сағынғалиұлы көптеген марапатқа ие болды. Алайда оның мұнай шаруашылығының дамуына қосқан өлшеусіз үлесін әлі толық бағаламады. Уақыты келер деп сенемін…», – деп жазды Болат Еламанов 1997 жылы.
Мұнайшылар саябағы туралы
Еңбегі сіңген мұнайшылардың пікірі «Мұнай-газ кешені ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінде де жылы лебіз мен қолдау тапты.
«Бөлекбай Сағынғалиевтың республиканың мұнай саласына қосқан үлесі баға жеткісіз. Оның еңбегі мемлекеттік деңгейде жоғары бағалануы керек деп есептеймін, – дейді «Мұнай-газ кешенінің ардагерлері» РҚБ Атырау филиалының директоры Мақсым Ізбасов. – Оның үстіне, 2024 жыл Теңіз кенішінің 45 жылдығымен қатар тағы бір айтулы дата – қазақ мұнайының өндіріле бастағанына 125 жыл толып отыр. Осыған орай Атырауда Мұнайшылар саябағын ашу мәселесін қайта қарау қажет».
Мәселе мынада, ардагерлер жергілікті билікке ауқымды Мұнайшылар саябағын ашуды көптен бері ұсынып келеді. Осы тақырыпта мемлекеттік органдармен хат алмасып келе жатқандарына толық сегіз жыл болды.
Осы уақыт аралығында 2022 жылы мұнайлы астанада «Ембімұнайгаз» АҚ-ның арқасында Мұнайшылардың даңқ аллеясы ашылды, бірақ ол өте қарапайым.
Ал ардагерлердің ойынша, Мұнайшылар саябағы мұнай өнеркәсібін құрудағы және дамытудағы өңірдің тарихи маңызын айқындап тұруы қажет. Оны еліміздің мұнай өнеркәсібінің пайда болуы мен дамуының бүкіл тарихын бейнелейтін танымдық, заманауи экспозициямен жабдықтауға болады. Саябақ аллеяларында қала тұрғындары мен қонақтары Социалистік Еңбек Ерлерінің, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттарының, салаға еңбегі сіңген еңбеккерлердің бюсттерін тамашалай алады.
Сайып келгенде, мұндай саябақ жай ғана көрнекті орын емес, қаланың нағыз келбетіне айналар еді! Бұл жерде тек ниет болса болғаны… Бірақ әзірге бұл – билік тарапынан қолдау табар деп үміт етіп отырған мұнайшылардың ойы ғана.