Балғымбаев, Нұрлан. Мұнайшылар маршалы // Егемен Қазақстан. – 4 мамыр, 2012. – Кіру режимі: https://egemen.kz, ашық.
Бұл күнде барша әлемнің алпауыттарын айналасына жиып, саусағының ұшында ойнатқан мұнай мен газ Қазақ елінің бақыты болса да, бір кездегі кең даласына көрік болған төрт түлігіндей ғасырдан ғасырға ұласқан ата кәсібі емес. Бірақ, ол соңғы жүз жылдықта алыс бір қиырдағы Қарашүңгілде қарамай болып жер бетіне шықты да, арада он жыл өткенде Доссорда ырыс болып атылды. Әйтсе де, оның байлық ретінде пайдасын көрген жергілікті халық емес, қайдағы қыр асып, бөшке арқалап келген басқалар-ды. Десе де, кейін мемлекеттің меншігіне айналып, одақтың ортақ қазанына құйылды. Ұлы Отан соғысы жылдарында жауға қарсы оқ атқан ұшақтар мен танктердің от өрілген қазандарына сол Байшонас пен Ескене, Қарсақ пен Қошқардың жермайлары еш өңдеусіз құйылды. Уақыт өткен сайын Қазақстанда өндірілетін мұнайдың қоры да өсті. Қор көлемі көбейсе, онымен жұмыс істейтін мамандар қатары да өсе түсті. Ал маман дегеніміз, тек көргенімен емес, оқыған-тоқығаны, озық жетістікті өз ісіне қолдана білген, жаңа техника, технологиямен ғана өзі де өседі, өзгені де тәрбиелейді, тек бір жердің емес, өзге де аймақтың кен көздерін зерттеп, зерделей алады, барлау жұмыстарын ұлғайтады.
Қазақстанда өткен ғасырдың орта тұсында мұнай көздерін геологиялық жағынан барлау мен іздестіру, өндіру жұмыстары күрт өсті, жоғары, орта білімді мұнайшы мамандарды даярлау ісі қатты қолға алынды. Соған сай елде көптеген білікті басшы, істі ұйымдастыра алатын жоғары және орта буын мамандар даярланып шықты. Соның бірі, бұл күнде есімі қазақ мұнайының тарихында алтын әріппен жазылатын, әсіресе, қазірде аты әлемге белгілі Теңіз кенішін ашушылардың бірі – Бөлекбай Сағынғалиев.
Ол өзінің жарты ғасырдан астам еңбек жолын елді Ұлы Отан соғысының оты шарпып, әр үйдің есігін қасіретті «қара қағаз» қағып жүрген қырық төртінші жылы бастап еді. Арада аз уақыт өткенде «Қазақстан нефтеразведка» тресіне ауысты. Осы жерден Мәскеудің И. М. Губкин атындағы мұнай химиясы және газ өнеркәсібі институтына аттанып, 1951 жылы өзі туған Доссор мұнай кәсіпшілігіне мұнай өндіру жөніндегі шебердің көмекшісі болып орналасты. Бұрыннан негізі бар, түсінігі мол жасқа жаңа жұмысты игеріп кету қиынға соққан жоқ. Қошқар, Мақат, Доссор, Қаратон мұнай кәсіпшіліктері басқармаларында бас инженер, 1958 жылы «Казахстаннефть» бірлестігінде мұнай-газ өндіру бөлімінде бастық, 1960-1963 жылдары Қазақ Халық Шаруашылығы Кеңесінің мұнай және газ өнеркәсібі бөлімін басқарды. Артынша 1963-1971 жылдар аралығында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде ауыр өнеркәсіп бөлімі меңгерушісінің орынбасары, «Казахстаннефть» одақтық-республикалық бірлестік бастығының орынбасары қызметтерінде болды.
Бөлекбай Сағынғалиұлының білікті маман, бірегей басшы ретіндегі ұйымдастырушылық қабілеті 1971 жылдан бастап «Эмбанефть» бірлестігінің бас директоры болған он бес жылда барынша жарқырап, анық байқалды. Аталған кезеңде қазақ мұнайының қарашаңырағы атанған Ембі өңірі, Еділ-Жайық арасындағы кен алаңдары «қара алтын» өндіруді анағұрлым ұлғайтып, тарихта қайталанбас із қалдырды. Мұнайшылар жерасты байлығын игерудегі 70-80 жыл бойы көрмеген әлеуметтік жетістіктерге ие болды. Жермайын игеруде төменгі қабаттарымен бірге тұзасты тұнбаларын іздеу-барлау жұмыстарында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Мұндайды кең көлемді іздестіру жұмыстарының өміршеңдігін арттыру үшін жаңадан екі бұрғылау басқармасы, мұнара монтаждау және томпонаждық конторлар, технологиялық көлік басқармасы, құрамында үш құрылыс-монтаж басқармасы бар «Эмбанефтьстрой» тресі, күллі төменгі Каспий бойы жер қыртыстары мен қабаттарын тездетілген әдіспен кешенді барлап, зерттейтін «Эмбанефтьгеофизика» трестері құрылып, жұмыс істеді. Осы кезеңде 770 мың метр бұрғылау жұмыстары жүріп, жаңадан 20 мұнай және газ алаңдары ашылды. Солардың оны бірден өнім беріп, Отан байлығын арттыру, көмірсутегі кенінің молаюына үлес қосты. Осылардың ішінде өзім еңбек еткен «Жайықмұнайгаз» өндіру басқармасы да бар.
Аталған басқарманың құрылуы өңірдегі бұрыннан бар кәсіпшіліктердің біртін-біртін төмендеп бара жатқан өнім беру көлемін күрт көтеріп, 1970 жылғы 2,7 млн. тонна көрсеткішті 1978 жылы 4,4 млн. тоннаға жеткізді. Бұл қарт Ембі өңіріндегі бұрын-соңды болмаған ең жоғары нәтиже еді.
Осы тұста Бөлекбай Сағынғалиұлының аты аталғанда ойға бұл күнде дабылы күллі әлемді таңқалдырып тұрған Теңіз кеніші оралады. Егер турасын айтсақ, бұл өзі адам миы жетіп болмас жаңалық еді. Өйткені, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары орталық ғалымдары Атырау мұнай алаңдарының қоры азайып келеді. Сондықтан болашақтағы барлық барлау-іздестіру жұмыстары тек Маңғыстау өңірінде болғаны дұрыс деген әңгімелер туды. Міне, осы тұста 1971 жылы Атырауда Одақ көлеміндегі белгілі мұнайшы-геологтардың басын қосқан үлкен жиын болып, онда қарт Ембінің болашағы туралы кеңінен сөз болды.
Алқалы ғылыми кеңесте Т. Жұмағалиев, С. Жаңабаев, В. Токарев, А. Живодеров баяндамалар жасап, өз ойларын өрбітсе, КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі М. Мирчинк, Геология министрлігінің бөлім меңгерушісі С. Құрманов, ғылым докторлары В. Семенович, Б. Дьяков және басқалар тақырыптық баяндамалар жасап, бұған дейінгі алынған мұнайдың бәрі де жер қыртысының үстіңгі қабатынан өндірілгені, болашақтағы болжам 4-5 мың метр тереңдіктегі тұзасты қабатында екендігі айтылды. Бұл болжамдарды бар өмірін мұнай саласына арнаған аға буын өкілдері Асабай Хисметов, Қуаныш Құдабаев, Сағидолла Нұржанов, Өтәлі, Мақаш Балғымбаевтар да қолдады.
Бірақ, жаңа болжамға орай түрлі алаңдаушылықтар да бар еді. Өйткені, Атырау мұнайшылары, яғни, тұтас алғанда Қазақстан мұнайшылары осыған дейін мұндай тереңдікте жұмыс істеп көрмепті. Әйтсе де, әліптің артын күтіп отырудың еш қажеті де жоқ. Осы кезде аталған салаға орай Одақтағы ең жаңа және мүмкіндігі мол құрал-жабдықтармен қамтылған В.Шевалдин басқаруындағы «Саратовнефтегеофизика» тресі барлаушылары Пустынный, Тәжіғали, Қаратон, Масабай, Тегіс, Ботақан, Ақінген, Аққұдық, Королев алаңдарында іздестіру жұмыстарын бастап кетті. Дегенмен, бұл арадағы барлау жұмыстары ұзаққа созылып, одақтық министрлік басшылары, жекелеген ғалымдар бұл істен нәтиже шықпайды, іздестіру істерін тоқтату керек деген.
Әңгіме өрбітіп, оған қатысқан барлық 12 адамның сала министрі В. Шашин, бірлестік директоры Б. Сағынғалиев, бас геолог Ж. Досмұхамбетов бастаған 4 адам іздестіруді кідіртудің қажеті жоқ деген пікір айтты, қалғаны қарсы. Соның ішінде Б. Сағынғалиев пен Ж. Досмұхамбетовтердің сенімдері мол еді. Олар қазір Теңіз кеніші орнын картадан көрсетіп, «Басқаны тоқтатса да, осы жерді қазуды тоқтатуға болмайды, өйткені, оның астында қазынасы таусылмас қара қазан жатыр» деп қайта-қайта шұқыған.
Ақыры Пустынный алаңындағы оныншы ұңғыманың 3639 және 3658 метр аралықтарынан аса мол мұнай қоры байқалса, Тәжіғали алаңындағы нәтиже дебиті тәулігіне 100 тонна шамасында мұнай, 600 текше метр ілеспе газға жетті. Мұндай оңды нәтижелер нәтижесінде бірлестік директоры Одақтағы мұнай және газ өнеркәсібі министрі Мальцев, оның орынбасары Грайферге өзінің көптен бері таныстығы және өзінің қашанғы бірбеткейлігін танытып, Волгоградтың «Прикаспийбурнефть» бірлестігінен құрамында 500 маман бұрғышысы бар 10 бригада әкеліп, Теңізге салды, бірден 20 ұңғымада бұрғылау жұмыстары басталды. Сөйтіп, жаңа кен алаңындағы жерасты қорының көлемі анықталды. Оны кәнігі барлаушылар 1,5-2 млрд. тонна мұнай, 2 трлн. текше метрден астам көгілдір отын қазынасы жатыр деп болжады. Немесе әлгі айтылған байлық 21 және 19 шақырымдық көлемді алып жатыр жеп шамалаған екен. Бірақ, жаңа кен алаңындағы барлау-іздестіру жұмыстарының бәрі «Эмбанефть» өндірістік бірлестігінің және оның бас директоры Б. Сағынғалиевтің басшылық жасауы нәтижесінде жүзеге асты. Сөйтіп, 1979 жылдың 19 желтоқсанында Атырау облысының аймағында Құлсарыдан бар-жоғы 80 шақырымда Қазақстанда бұрын-соңды кездеспеген мұнай бұрқағы атылды. Міне, осы кен алаңының ғажайып қоры арқасында облыс мұнай өндіру көлеміндегі өз орнын үшіншіден бірден бірге жылжытты.
Осы еңбегі үшін КСРО Геология министрлігінің 1988 жылғы 10 наурыздағы алқа шешімімен Б. Сағынғалиев «Теңіз кенішінің алғашқы ашушы» (№2236) төсбелгісімен және дипломымен марапатталды.
Аса жоғары қысым мен температура және жағымсыз иісті күкіртті газ қоспаларға толы әлемде теңдесі жоқ ең ірі Теңіз кен орнын тездетіп игеруде Бөлекбай Сағынғалиұлы тіптен жаңа және маңызды ғылыми-техникалық шешімдер мен өнертапқыштық істерді өмірге әкелді және өндіріске енгізді. Шынында да, аталған кен орны өзінің тереңдігі, мұнай құрамы, қоры жағынан әлемде өзіндік ерекшеліктерге толы кеніш. Оның өнім қоры 2 млрд. тоннадан кем емес деп есептелінсе, тереңдігі жағынан 4000 метрден асады. Ішкі қабат қысымы 830 кг/см2 және өте жоғары температурадан тұрады. Немесе салыстырмалы түрде алғанда оның қоры Бозашы тобынан 2,7, Маңғыстау тобынан 1,4 есе жоғары.
Бұл Бөлекбай Сағынғалиұлының қазақ мұнайын жаңа биікке көтерудегі ерекше үлесі. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, асыл тұлғаның еңбегі тек Теңіз кен орнын игеру, басқа да жаңа алаңдарды ашу, әсіресе, қос өзен аралығындағы «Жайықнефтегаз» өндіру басқармасын құруымен ерекшелінбейді. Ақтөбе облысында да мұнай өнеркәсібінің дамуына үлес қосты. Сол кездегі облыс басшысы В. Ливенцовпен жақсы қарым-қатынаста болып, республика, Одақтық Орталық Комитет алдына қайта-қайта мәселе қойып, ақыры «Актюбинскнефть» өндірістік бірлестігін құрып, қазіргі «Жаңажол», «Кенқияқ», басқа да алаңдардың ашылуына негіз болды.
Бөкең орталықтағы басшылар алдына маңызды мәселені дер кезінде қоя алатын және оны аяғына дейін жеткізіп, шеше алатын өндіріс басшысы еді. Ол кісінің КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрі А. Мальцев және оның орынбасары Г. Грифилт, Мемлекеттік жоспарлау комиссиясының төрағасы Н.Байбаковтың алдында беделі жоғары еді. КСРО Минстрлер Кеңесінің Төрағасы А.Косыгинмен де талай кездесіп, Қазақстан мұнайшыларының мәселелерін шеше білді. Өңірдегі ауа-табиғат жағдайының қолайсыздығы, сусыз, нусыз аймақтағы дала жұмыстарына орай барлық мұнайшының айлық еңбек ақысына 45 пайыз үстеме қостыру мүмкіндігін алды.
Ал, Прорва кен алаңындағы мұнайшылар тобына ең жоғары үстеме 70 пайыздық деңгейге жетті.
Мұнайшыларға тұрмыстық жағдай туғызу, әлеуметтік деңгейін өсіру тек қаражатын көтерумен шектеліп қалған жоқ. Бірлестік жанынан құрылған құрылыс-монтаж басқармалары облыс орталығындағы, әрбір кәсіпшіліктегі ескі барақ үйлерді құлатып, орындарына көп қабатты және жеке отбасыларға ыңғайлы үйлер тұрғызылып, Атырау қаласы маңында барлаушы-геологтар мен бұрғышылар қалашығы бой көтерді. Олар бұл күнде Ақжар, Геолог деп аталатын үлкен елді мекендер. Сөйтіп, аз уақытта 223269 шаршы метр көлеміндегі тұрғын үй, 3 орта мектеп, бірнеше балалар комбинаты, клуб, сауда, тамақтану орындары ашылды. Азық-түлік қорын жасау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру үшін көптеген бағыттағы қосалқы шаруашылықтар құрылды. Тұрғын кешендерге ыңғайсыздық тудырмас үшін мұнайшы-бұрғышылардың өндірістік базасы, бұрғылау жұмыстары басқармасы, сақтау, қойма орындары, жөндеу-механикалық шеберханалар, құрастырмалы құрылыс материалдарын шығаратын цехтар қала сыртына орналастырылып, жасақталды. Осыған орай, қала мен жұмысшы кенттеріндегі коммуналдық қамту қызметі өсті, көлік жолдары жақсарды.
Бірақ, Бөлекбай Сағынғалиұлының сол бір жылдардағы осындай қыруар бастамалары кейіннен аяқсыз қалды. Әлгі үйлердің көбі тозды. Онда кешегі есімі елге белгілі Ғабдыхалық Сағытжанов, Сахи Әкімбаев, Жанша Таңқыбаев, Серго Дүтбаев, Рысхан Қалмұқанов, Хамит Ғабдуллиндердің немере-шөберелері тұрады. Оларға жаңа үй алып, қолайлы мекендерде тұрайын десе, мүмкіндік жоқ. Бәрін сатып алулары керек.
Б. Сағынғалиев мұнайшы мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлді. Алматының политехникалық институтында мұнай факультетінің ашылуына ықпал етсе, Атыраудағы бұрыннан орта буын мамандар дайындап келе жатқан техникум мен жаңадан өз бастамашылығымен ашылған мұнай және газ институтына жаңа оқу үйлері, оқытушы-профессорлар құрамы үшін жүз пәтерлік тұрғын үй тұрғызылып берілді. Әр жылда оларда және Мәскеу мен Баку, Грозный мен Уфа, Ивано-Франковскідегі мұнай институттарына 100 жасты жолдамамен оқуға жіберіп отырды. Соның арқасында өңірде жоғары білімді мұнайшылар жасағы қалыптасты. Олар осы Атыраудағы кен орындарында мол тәжірибе жинақтап, білігі мен білімін ұштастырып, кейіннен «Актюбинскнефть», «Тенгизнефть», «Құмкөлмұнай», басқа да басқармалар ашылғанда жоғары білімді кәсіби маман ретінде практикалық көмектер берді, мұнайшы қатарларын толықтырды.
Бөкең мұнайлы Атырауда жұмыс істеп отырса да күллі қазақ мұнайының болашағы үшін еңбек етті. Соған сай, Ақтөбе мен Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында мұнай-газ өндіру, өңдеу, тасымалдау ісін бірлесе жүргізу, өндірістік байланыстарды шешу, ынтымақты нығайту үшін еңбектенді. Өндіріс пен ғылымның байланысына көңіл бөлді. Бұл жолда Атырау қаласындағы Қазақ мұнай ғылыми-зерттеу және жобалау институты, мұнай химиясы және табиғи тұздар институты ғалымдарының өндіріспен байланысын арттырып, әлемдік жаңа үрдістердің өз елінде де жүзеге асуына негіз болды. Өзі мұнайлы Иран, Канада, Мексика елдеріне сапар шегіп, үздік технологиясы бар өндіріс жүйелерін көрді, мамандармен сөйлесіп, ғылыми-тәжірибелік түйінді мәселелер жөнінде ой бөлісті, пікірлесті. Кейін олардың пайдалы жақтарын өзі еңбек ететін бірлестікте пайдалануға тырысты. Ғылыми тұжырымдардың көмірсутек шикізатын өндіру, тасымалдау, сақтау және өңдеу бағытында жобалау-іздестіру жұмыстарының кешенді орындалуы, мұнай-битумгенез жыныстарынан мұнайды бөліп алу, мұнай эмульгаторын айырудың бірыңғай әдістерін өндіріске енгізу үшін тер төкті.
Бөлекбай Сағынғалиұлы өте жетік өндіріс басшысы, ұйымдастырушы болумен бірге артынан жастар ілестіріп, тәрбиелей білген тамаша тәлімгер де еді. Осы күнде аға буынға айналған мұнай-газ саласының ардагерлері Төлен Байзақов, Сатыбай Дүзбаев, Махамбет Батырбаев, Қаден Құдабаев, Бағыт Сматуллин, Бейсембай Табынбаев, Болат Еламанаов, Қасымғали Тілемісов, Алекандр Назаров, Матхат Нұрмұханов, тіпті, марқұм болып кеткен Хамит Ғабдуллин, В. Гафнерлердің өзі сол Бөлекбай ағаның тәрбиесін алып, қанаттанған мамандар немесе бірлесе жұмыс істеді.
Ол кезде, тіпті қазірде де Атырау мұнайшылардың ұстаханасы атанған байырғы өңір. Алғашында фабрика-зауыт училищелері мен жұмысшы факультетерінде оқып, білім алған мұнайшылар бірен-саран жоғары білімді Сафи Өтебаев, Мұхамбет Исенов, Бөлекбай Сағынғалиевтан бастап, олардың қатары уақыт өте жоғары білімді жастармен толықты. Бірақ сол ұрпақ жалғастығы өкінішке орай, бірте-бірте босаңсып барады. Өйткені, өндіріске жаңа келген жас маманға лайықты көңіл бөлінбейді, қолайлы жағдай туғызылмайды. Бұрынғы тәжірибелі, білікті мамандар жалақысы жоғары, әлеуметтік жағдайлар туғызылған шетелдік мұнай компанияларына ауысып кеткен. Ал, жергілікті мұнай компанияларын тәжірибесі аз, білігі төмен, ұйымдастыру қабілеті нашар адамдар басқарады. Осыдан келіп, өндірісте кереғарлық туады. Басшылық жұмысшылармен тіл табыса алмайды, өндірісті алға жетелеу үрдісі жоқ. Соның салдарынан арада келіспеушілік пен қайшылық туады. Мен бұл арада өз әңгімеме мысал ретінде Жаңаөзендегі жағдайды үлкен өкінішпен еске аламын.
Елбасы Н. Назарбаев егемендіктің елең-алаңында-ақ басқа салалар сияқты мұнайшы қауымға да ерік берді. «Жаңартып, жақсарт, гүлдендір, қайткенде де ел байлығын өсір, өзің де өс, жақсы тұрмыста өмір сүр» дегенді айтты. Осы кезде Бүкіләлемдік банктің араласуы нәтижесінде біраз жұмыс атқарылды. Соның дәлелі өнім өндіру көлемі 7 млн. тоннаға дейін жетті. Кендірліде, Зерендіде келісті демалыс аймағы салынды, астаналық облыстың Зеренді ауданында өзендік және атыраулық мұнайшылар балалары үшін демалыс лагерьлері, Атырауда дене шынықтыру сауықтыру орталығы мен бассейн, Құрманғазы атындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті, Жаңаөзен қаласында «Аруана» қонақ үйі, ардагерлер үйі, перзентхана, Теңге ауылында мектеп жұмыс істеді. Бірақ, Жаңаөзен, тұтас Маңғыстау өңірінде, Атырауда көмірсутек шикізатын өндіру көлемі күрт төмендеп кетті. Ал, оны жуық маңда көтеру аса қиынға соғатын сияқты.
Мұнайшылар тұрмысында тағы бір ойланарлық жәйт бар. Ол – қалада тұратын «қара алтын» өндірушілер мен кәсіпшілік кенттерінде тұратын мұнайшылар арасындағы сәйкессіздік. Кейінгі кезде байырғы кен алаңдарындағы тұрғын ауданда үй-жайлар салынбайды. Кеніштердің өнім беру қабілеті жойылған, болса да өте төмен. Соған сай Қаратон, Сарықамыс кенттерінің тұрғындары қолайлы жерге қоныс аударды. Ал, Байшонас мен Ескене, басқалардың халқы ше? Олар да күту үстінде. Бірақ, олардың қазіргі тұрмысы ана бір жылдардағыдай аса қолайлы емес. Бұл бұрындары жақсы жұмыста жүрген, бірақ бұл күнде мұнай қоры сарқылып, көңілі алаң, мінезі пәс байырғы мұнайшының бүгінгі халі.
Сайып келгенде, осының бәрі мұнайшы қауымын алаңдатады. Сондайда есімізге бір өзі жалғыз ғана бірлестікті басқарып, бірақ барша қазақ мұнайының ары, абыройы болған Бөлекбай аға Сағынғалиев еске оралады. Оны барша мұнайшы-геологтар, ел, мемлекет ардақтады, мақтап, марапаттады. Үш рет Еңбек Қызыл Ту және Октябрь революциясы ордендері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бірнеше рет Құрмет грамотасымен марапатталып, республиканың еңбек сіңірген мұнайшысы, КСРО-ның құрметті мұнайшысы атақтарын алды. Республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Республиканың, Одақтың, соның ішінде СОКП съездеріне делегат болып сайланады. Сөйтіп, ол ел алдындағы азаматтық парызын ақтады, қазақ мұнайының қара нары атанып, артында өшпес із қалдырды. Ақын Фариза Оңғарсынова апамыз Бөкеңді бір өлеңінде «Мұнайшылар маршалы» деп бағалапты. Шындығында, ол кісі қазақ мұнайының маршалы еді ғой. Әрине, Бөлекбай ағамызға арқау болған, өмірдің қызығы мен шыжығын бірге бөліскен аяулы жары Хадиша апамыз туралы айтпай кетуге болмас. Жарты ғасырдан астам Бөлекбай ағамен бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешкен Хадиша анамыз бүгінде үлкен әулеттің ұйытқысы болып, асылдың сынығы – ұлдары Асқар мен Мұхтар Бөкеңнің ізін жалғастырып келеді.